Волейбол: Қазақстан кубогының ширек финалында «ТНК Қазхром» командасы көш бастап келеді

АЛМАТЫ. 25 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ертең волейболдан ерлер арасында Алматыда өтіп жатқан КСРО Спорт шебері және еңбек сіңірген жаттықтырушы Октябрь Жарылқаповты еске түсіруге арналған Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындардың ақтық кездесулері болады.

Турнир кестесінде көш бастап келе жатқан «ТНК «Қазхром» (Хромтау) мен «|Алматы» командаларының есебінде бір-бір жеңіліс бар. Хромтаулықтар «Атырау» мен «Ұшқын-ҚазҰАУ»(Алматы), «Тараз-ТарМУ командаларын 3:0, «Алматы» командасын 3:2 есебімен ұтып, «Шығыс-Қорғасын Құрылысқа» (Өскемен) 2:3 есебімен есе жіберген еді. «Алматылықтар» атыраулық, өскемендік, тараздық қарсыластарын 0:3, қызылжарлықтарды («Есіл») 1:3 есебімен қапы қалдырып, хромтаулықтарға 3:2 есебімен есе жіберді. Бүгін енді хромтаулықтар қызылжарлықтармен, алматылықтар шымкенттіктермен («Динамо-Қазығұртпен») күш сынасуда, ертең ақтық ойында «Алматы» мен «Ұшқын-ҚазҰАУ», «Динамо-Қазығұрт» пен «ТНК «Қазхром» кездеседі. Бұл жарыста үздік төрттіктің қатарына енгендер 29-30 қазанда Алматыда Қазақстан кубогының жүлделі орындары сарапқа салынатын жартылай және ақтық сайыста бақ сынайтын болады.