НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан құрамасы Таиландтың Накхонратчасима қаласында волейболдан қыздар арасындағы Токио Олимпиадасына іріктеу кезеңіндегі екінші ойында Индонезия құрамасынан басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық волейболшылар бүгін үш сетте де басым ойнады. Нәтижесінде бірінші сетте қарсыласын 25:22 есебімен жеңсе, одан кейін 25:23, 25:18 есебімен жеңіп кетті. Жалпы ойында Индонезияны 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстан В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Оңтүстік Корея, Иран және Индонезия. Енді қазақстандық волейболшылар 9 қаңтарда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады. Бұдан бұрын қазақстандық құрама Иранды 3:0 есебімен жеңген болатын. Бүгін аталмыш топтағы Оңтүстік Корея мен Иран құрамалары кездеседі.
Ал 11 қаңтарда жартылай финал өтсе, 12 қаңтарда финал болады. Жеңімпаз құрама Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алады. Дүбірлі додада әлемнің әр қиырынан келген 12 құрам бақ сынайды.
Қазақстан қыздары 2008 жылы Олимпиада ойындарына қатысып, онда жалпы командалық есепте тоғызыншы орын алған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.