Бүгінгі кездесуде Таиланд қыздары басымдық танытты. Кездесу тартысты өткенімен алаң иелері алғашқы сетте 25:21 есебімен басым түсті. Одан кейін де таиландтық волейболшылар қазақстандық құраманы 25:20 есебімен жеңді. Ал үшінші сетте Қазақстан волейболшылары қарсыласынан 26:24 есебімен басым түсті. Төртінші сетте Таиланд құрамасы 25:21 есебімен жеңді. Осылайша финалға Таиланд құрамасы жолдама алды.
Енді олар 12 қаңтарда Оңтүстік Кореямен шеберлік байқасады. Олар бүгін жартылай финалда Тайвань құрамасын жеңді. Ал үшінші орын үшін Қазақстан мен Тайвань қыздары сынға түседі. Финалда жеңіске жеткен құрама Токио Олимпиадасына жолдама алады.
Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде В тобында сынға түсті. Алдымен Иран мен Индонезиядан 3:0 есебімен басым түсіп, соңғы ойында Оңтүстік Кореядан сол есеппен жеңіліп қалды. Өз тобында екінші орын алған қазақстандықтар осылайша жартылай финалға шыққан болатын.
Қазақстан қыздары 2008 жылы Олимпиада ойындарына қатысып, онда жалпы командалық есепте тоғызыншы орын алған еді.
Азия құрлығынан іріктеу кезеңі арқылы Олимпиадаға бір жолдама беріледі. Дүбірлі додада барлығы 12 құрам бақ сынайды.