Волейбол: Қазақстанның әйелдер құрамасы Әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетті

АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жапонияда әйелдер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында қазақстандық волейболшылар жарыстың екінші кезеңіне өте алмады.

Олар 29 қазан мен 3 қараша күндері өткен алғашқы кезеңде Мацумото қаласында АҚШ, Германия, Куба, Таиланд және Хорватия құрамаларымен бірге «С» тобында өнер көрсеткен болатын. Онда Нелли Щербакова жаттықтыратын ел құрамасы әлемдік рейтингте өзінен ілгері тұрған қарсыластарының осал тұсын таба алмады. Германия, АҚШ, Хорватия спортшыларына 3:0, ал Таиландқа 3:1, Кубаға 3:2 есебімен есе жіберді.

5 ұпаймен өз тобында 6-орынды қанағат тұтқан олар бүгін енді елге оралып, XVI Азия ойындарына дайындықтарын қайта пысықтауға кіріспек. Ал үздік төрттіктің қатарынан орын алған АҚШ (10 ұпай), Германия (9 ұпай) және Куба мен Таиланд (7 ұпайдан) 6-10 қараша күндері Нагойя қаласында F тобында жарыстың 2-кезеңінде бақ сынайтын болады.