Волейбол: «Қуаныш» қола жүлде үшін өткен ойында «Тұранды» жеңді
АСТАНА. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының шешуші ойындары өтіп жатыр.
Қола жүлде үшін бәсекеде «Қуаныш» (СҚО) пен «Тұран» (Түркістан) командалары алаңға шықты.
Өткен жылы Асқар Шалқыбеков жаттықтыратын түркістандықтар өз тарихында алғаш рет чемпион болған еді. Содан кейін команда құрамы біраз өзгеріске ұшырады. Ал, Азамат Есімовтің шәкірттері қола жүлдені қанағат тұтқан болатын.
Бұл жолы бірінші партияда солтүстікқазақстандықтар сәтті ойнады — 25:19. Екінші сетте тіпті айқын басымдылық көрсетті — 25:10. Үшіншісінде «Тұран» есе қайырды — 25:22. Бірақ «Қуаныш» матчты жеңіспен түйіндей алды — 25:22. Қорытынды есеп — 3:1.
Ертең қос клуб екінші кездесуін өткізеді. Онда «Қуаныш» жеңіске жетсе, қола жүлдегер атанады. «Тұран» қарымта қайтарса, қосымща үшінші матч ойналады.
— Біз жеңіс үшін алаңға шықтық. Ойымыздан шықпаған сәттер де болды. Мысалы, доп қабылдау кезінде кемшіліктерге жол берілді. Сол секілді жөнді шабуылдай алмаған Жанна Сыроешкинаны Маргарита Бельченкомен ауыстыруға тура келді. Жалпы, жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз, - деді «Қуаныштың» бас бапкері Азамат Есімов.
«Тұран» командасын жаттықтыратын Асқар Шалқыбеков аурудан кейін Бота Уатаева, Доминика Струмилоның толық бабында болмағандығын, ертеңгі ойында шәкірттерінің бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Бүгін сондай-ақ 5-6 орындар үшін матчта ұлттық лигаға осы маусымда ғана қосылған «Ақтөбе» қарағандылықтарды 3:2 (25:22, 9:25, 26:24, 21:25, 15:9) есебімен ұтып кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Берелдің» екінші жыл қатарынан финалға шыққанын жазған болатынбыз.