Аталмыш жарысқа Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан барлығы он команда қатысып, бақ сынады. Топтық бәсекеде үздік атанып, жартылай финалға шыққан атыраулықтар ақтөбеліктерді 2:1 есебімен тізе бүктірді. Сондай тартысты матчта хромтаулықтар БҚО құрамасын 2:1 есебімен ұтып кетті. Үшінші орын үшін кездесуде ақтөбеліктер батысқазақстандықтарды 2:0 есебімен жеңді. Ал атыраулықтар дәл сондай есеппен хромтаулықтардан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды.
Жүлдегер командаларға кубок, дипломдар табыс етілді. Сондай-ақ оралдық Қамбар Сәлімов «Үздік байланыстырушы», М.Ықсановтың туған жері Жәнібек ауданынан келген Тельман Ғұсманов «Турнир ақсақалы», ақжайықтық Әділ Жоламанов «Үздік ойыншы», хромтаулық Амангелді Сүйінтаев «Үздік қорғаушы», атыраулық Болат Қабдрахиев «Үздік шабуылшы», ақтөбелік Қамбар Жаубатыров «Жақсы ойын көрсеткені үшін», бөрлілік Қабделжамел Нәсіпов «Жеңіске жігері үшін» аталымдары бойынша марапатталды.
«Мемлекет және қоғам қайраткері, 2016 жылы 90 жылдығы кеңінен аталып өтілген Мұстақым Ықсановтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында он екі жылдан бері түрлі шаралар ұйымдастылып, соған 17 мыңдай адам қатысты. Елбасымыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғанындай, «бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек». Осы орайда еліне жасаған жақсылығы мен еңбегі өлшеусіз Мұстақым Ықсановтай бірегей тұлғаларды ұмытпай, оларды кейінгі ұрпаққа насихаттай білуге тиістіміз. Салауатты өмір салтын сақтап, байытуға үндейтін аталмыш турнир де жыл сайын, биыл он бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған өңіріміз ғана емес, көршілес облыстардан да командалар қатысуда. Бұл да жастарға үлгі деп ойлаймыз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, еңбек ардагері Асқар Атаев.