Оралдың «Жайығы» жылдың соңғы матчын жеңіспен түйіндеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында екінші тур ойындары мәресіне жетті.
Жылдың соңғы кездесуінде вице-чемпион «Павлодар» мен Оралдың «Жайығы» алаңға шықты.
Бірінші партияда Виктор Козик жаттықтыратын оралдықтар 25:22 есебімен басым түсті.
Екіншісінде алаң иелері дәл сондай есеппен есе қайырды. Бұдан кейін «Жайық» дес берген жоқ — 25:20, 25:18. Қорытынды есеп — 3:1.
Осылайша, қатарынан он жеңіске қол жеткізген «Жайық» 31 ұпаймен жекедара көш бастаса, «Павлодар» (22 ұпай) бесінші орында қалды.
Екінші тур қорытындысы бойынша оралдықтардан байланыстырушы, украиналық Володимир Ковальчук, павлодарлық клубтан ресейлік Никита Козлов үздік ойыншы ретінде ескерткіш сыйлықпен марапатталды.
Енді ұлттық лига командалары жаңа жылда 20 қаңтарда Талдықорған қаласында бас қосады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Буревестниктің» Павлодарда алты кездесудің бесеуінде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.