АСТАНА. ҚазАқпарат - Волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ел біріншілігінің Өскемен қаласында өтіп жатқан соңғы турында жергілікті «Алтай» клубы бүгін қалған ойындардың нәтижесіне қарамастан, екінші мәрте қатарынан ел чемпионы атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, Игорь Никольченко жаттықтыратын өскемендіктер «Буревестник-Алматы» командасын 3:0 есебімен онша қиналмай, ұтты. Сөйтіп 18 наурызда мәреге жететін қорытынды турда «Алтай» күні бұрын үздік атанса, күміс және қола жүлде үшін «Павлодар», «Атырау» және «ТНК «Казхром» (Хромтау) командалары таласуда.
Айта кетейік, кезінде ел чемпионы, Қазақстан кубогының иегері, халықаралық турнирлердің жеңімпаз-жүлдегері болған Оралдың «Конденсат» клубы «Конденсат» компаниялар тобы демеушіліктен бас тартқаннан кейін 2015 жылы тарап кеткен болатын. Соған байланысты «Конденсатта» өзі ойнап әрі оны біраз жыл жаттықтырған Игорь Никольченко таңдаулы волейболшылармен бірге Өскеменнің «Алтай» командасына кетіп, өткен жылы чемпиондық атаққа қол жеткізген еді. Қазіргі кезде «Алтайдың» негізгі құрамында Орал волейболының түлектері, көптен бері Қазақстан намысын қорғап жүрген шабуылшы Виталий Вориводин, сондай-ақ либеро-ойыншы Мирлан Бадашев алаңға шығып жүр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).