АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Жайық» пен «Буревестник» (Алматы) кездесті.
Алматылықтарды кезінде спорттық мансабын Оралда аяқтап, «Конденсаттың» бас бапкері болған Игорь Никольченконың жаттықтырады. Сондай-ақ «Буревестник» құрамында Орал волейболының түлегі, либеро Қайрат Байбеков өнер көрсетеді.
Ал Виктор Козик баптайтын «Жайықтың» негізгі құрамында жергілікті ойыншылардан команда капитаны Виталий Вориводин мен Владимир Прокофьев бар.
Бұл бәсекеде жеңіске жеткен жағдайда алматылықтар алғашқы үштікке енер еді. Бірінші кезеңде оралдықтар 25:18 есебімен басым түсті. Екіншісінде «Буревестник» есе қайырды – 26:24. Бірақ бұдан кейін «Жайық» дес бермеді – 25:14, 25:16. Қорытынды есеп – 3:1.
Айта кетейік, қатарынан 12 кездесуін жеңіспен аяқтап, ұпай санын 37-ге жеткізген «Жайық» клубы көш басында тұр.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Жетісу» камбэк жасап, «Павлодарды» жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).