АСТАНА. KAZINFORM – Талдықорған қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының төртінші турында «Жетісу» кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері бұл жолы «Ақтөбеден» айласын асырды – 3:0 (25:20, 25:16, 25:11).
Осылайша, қатарынан 12 матчта қарсыластарын ұтқан талдықорғандықтар 64 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді.
Бұл күні сондай-ақ екінші орындағы «Берел» (Өскемен) көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» оңай жеңді – 3:0 (25:17, 25:11, 25:21).
«Алматы» командасы «Ару-Астанадан» 3:1 (25:12, 21:25, 28:26, 25:13) есебімен басым түсті.
Жұма күні «Грация KZ» - «Алматы», «Қуаныш» - «Ақтөбе», «Ертіс» - «Ару-Астана», «Берел» - «Тұран», «Жетісу» - «Қарағанды» командалары өзара мықтыны анықтайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қуаныш» командасының ел чемпионы «Тұранды» жеңгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).