ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты төртінші кіші туры аясында Өскеменде «Берел» мен «Жетісу» шеберлік байқасты.
Бұл кездесудің қос клуб үшін де маңызы зор еді. Осыған дейін сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар 22 матчта жеңілмеген еді. Ал тағы бір сербиялық Владимир Васовичтің шәкірттері өз алаңында қалайда ұпай алуды көздеген болатын. Дегенмен «Жетісу» 3:0 (25:21, 26:24, 25:18) есебімен мықтылығын дәлелдеп, ұпай санын 67-ге жеткізді.
Петропавлда «Қуаныш» қарағандылықтардан 3:0 (25:22, 25:12, 25:19) есебімен басым түсіп, 60 ұпаймен бұрынғыша екінші сатыда келеді. Үздік үштіктегі «Берелдің» 49 ұпайы ғана бар. Төртінші сатыдағы «Тұран» (Түркістан) «Алматыны» 3:1 (25:18, 25:18, 20:25, 25:17) есебімен тізе бүктірді.
Жүлделі орындар үшін талас осы төрт клубтың арасында өтетін түрі бар. Төртінші кіші тур ойындары жұма күні мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Өскеменнің «Берелі» өз алаңында «Тұранды» қапы қалдырғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).