ОРАЛ. ҚазАқпарат - Волейболдан әйелдердің жоғары лига командалары арасында ел біріншілігінде екі турдан кейін Солтүстік Қазақстан облысының «Қуанышы» жекедара көш бастап келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Оралда өткен екінші турда да солтүстікказақстандықтар барлық қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты. Сөйтіп жеңіспен аяқталған сегіз ойыннан кейін «Қуаныштың» есебінде 24 ұпай бар. «Қостанай» командасы 18 ұпаймен екінші орынға орнықса, Оралдың «Грация-KZ клубы үшінші сатыда (11 ұпай) келеді. Оралдықтар өз алаңында көш соңындағы «Оқушылар сарайы» мен «Қазығұрт» командаларын ұтқанымен, солтүстікқазақстандықтар мен қостанайлықтарға пәлендей қарсылық көрсете алмады.
«Алда әлі үш тур бар. Келесі тур ойындары Петропавл қаласында өтеді», деді ҚазАқпарат тілшісіне әйелдер волейболынан БҚО құрамасының аға бапкері Көлеңке Ғұбашев.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).