АСТАНА. KAZINFORM — Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының төртінші үлкен туры жалғасын тапты.Жексенбі күні орталық матчта алаң иелері — Юрий Панченко жаттықтыратын «Қуаныш» клубы Түркістанның «Тұранына» қарсы келді.
Бұдан бұрын «Берелден» (Өскемен) ұтылып қалған солтүстікқазақстандықтар осы жолы қинала қойған жоқ — 3:0 (25:16, 25:12, 25:17).
Көш басындағы «Жетісу» (Талдықорған) ақтөбеліктерден айласын асырды — 3:0 (25:8, 25:20, 25:16).
Өскемендік қыздар «Астананы» қапы қалдырды — 3:0 (25:9, 25:21, 25:16).
«Қарағанды» командасы «Алматыны» жеңді — 3:1 (25:17, 20:25, 25:22, 25:18).
Осылайша, талдықорғандықтар 79 ұпаймен бұрынғыша бірінші орында келеді. «Қуаныш» 69 ұпаймен екінші, «Берел» (61 ұпай) үшінші, «Тұран» (42 ұпай) төртінші сатыда тұр.
Дүйсенбі күні командалар Петропавлда соңғы ойындарын өткізеді. Содан кейін плей-офф бәсекелері ғана қалады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қуаныш» клубының өз алаңында «Берелден» ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Жетісудың» Азия чемпиондар лигасындағы алғашқы қарсыласы белгілі болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).