Волейболдан 17 жасқа дейінгі бозбалалар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандықтар жүлделі орындардан тыс қалды

АЛМАТЫ. 27 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Иранның Тегеран қаласында волейболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында ІХ Азия чемпионатының 1/8 финалдық ойындары басталды.

Онда өз тобында 1-2 орын алғандардан Оңтүстік  Корея мен Шри-Ланка, Иран мен Тайпей, Қытай мен Үндістан, Жапония мен Тайланд ширек финалдық жолдаманы сарапқа салады. Ал топтық сында  Қытай мен Тайланд құрамаларына 0:3 есебімен есе жіберген Григорий Неклюдов жаттықтыратын қазақстандықтар жүлделі орындардан сырт қалды. «В» тобында үшінші орынға табан тіреген олар енді 9-11 орын үшін бүгін «Д» тобында соңғы орын алған Түркіменстан волейболшыларымен кездеседі. Егер бұл сында басым түссе 31 қазанда «С» тобында үшінші орын алған Австралия құрамасымен 9-орынға таласады. Ал жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері 1 қараша күнгі ақтық сайыста ғана белгілі болады.