Волейболдан ӘЧ: Қазақстан жастар құрамасы алғашқы ұпайына қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында ХХІІІ әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Сергей Трикоз жаттықтыратын Қазақстан жастар құрамасы дүниежүзілік додаға өз тарихында алғаш рет қатысуға мүмкіндік алды.
Кеше қазақстандықтар В тобындағы бастапқы кездесуін әлем және Азия чемпионы – Иран құрамасымен өткізіп, 1:3 (19:25, 25:21, 23:25, 17:25) есебімен есе жіберді.
Бүгін Солтүстік Америка чемпионатының күміс жүлдегері – Канада командасымен ойын тіпті тартысты болып, бес сетке созылды. Бірінші партияның өзінде-ақ қазақстандықтар таласып бағып, 32:34 есебімен жол берді.
Бұдан кейін С.Трикоздың шәкірттері 25:23, 25:22 есебімен басым түсті. Төртінші сетте канадалықтар таразы басын теңестірді – 25:21. Бесінші, шешуші сетте қазақстандықтар 7:4 есебімен алға кеткенімен, сол басымдылықты сақтай алмады – 13:15.
Қорытынды есеп – 3:2, Канаданың пайдасында. Дегенмен Қазақстан жастар құрамасы бір ұпайға қол жеткізді.
Ертең қазақстандықтар осыған дейін екі рет жеңілген Пуэрто-Рико командасымен алаңға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралдың «Жайық» клубы Орталық Азия чемпионатында топ жарғанын жазған едік.