АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Цзянмэнь қаласында волейболдан 21 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан ХХІІІ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Болгариямен алаңға шықты.
Плей-офф бәсекесінде өткен жылғы Еуропа чемпионы Франциядан ұтылғаннан кейін Сергей Трикоз баптайтын қазақстандық жастар 9-16 орындар үшін таласатын болған еді.
Болгария да осал емес, өткен жылы Еуропа біріншілігінің финалына дейін жетіп, Францияға жол берген.
Болгариялықтар алғашқы екі партияда басымдық танытты – 25:19, 25:19. Бұдан кейін қазақстандық жастар таразы басын теңестірді – 25:21, 25:23. Дегенмен шешуші, бесінші партия Болгарияның еншісінде кетті – 15:9.
Қорытынды есеп – 3:2, Болгарияның пайдасында.
Қазақстан жастар құрамасы сенбі күні тағы бір кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы Францияға жол бергенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).