Волейболдан ӘЧ: «Жетісу» екінші кездесуінде қалай ойнады

Фото: vc_zhetysu

АСТАНА. KAZINFORM — Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтіп жатқан волейболдан клубтық әлем чемпионатында қазақстандық «Жетісу» командасы екінші рет алаңға шықты.

Талдықорғандықтар «А» тобындағы алғашқы ойынында Италияның «Савино Дель Бене» (Италия) клубына 0:3 есебімен есе жіберген еді. Бұл жолы сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттеріне Перудің «Альянца Лима» командасымен кім мықтыны анықтады. 

Әр топтан екі үздік клуб жартылай финалға жолдама алатындықтан, «Жетісу» аянып қалған жоқ. 

Тартысты өрбіген бірінші партияны талдықорғандықтар өз есебіне жазды — 26:24. Екінші сетте перуліктер 5:1 есебімен алға кетті. «Жетісу» есепті қысқартқанымен, «Альянца Лима» басымдылықты сақтап қалды — 25:21. Бұдан кейін де сәл-пәл сәттілік перулік клуб жағында болды — 25:23, 26:24. Қорытынды есеп — 3:1.

— Әрине, жеңіліп қалғанымыз өкінішті. Клубтық әлем чемпионатында алғашқы жеңісімізге қол жеткізгіміз келді. Қыздар барын салды. Мүмкін, осындай деңгейде сәл-пәл тәжірибеміз жетіспеген болар. Бірінші партияны жеңіп, батыл қадам жасадық. Тәуекел де болды. Ойынды жақсарта түсу үшін болашақта әлі де жұмыс істеуге тура келеді, - дейді команда бапкері М.Гршич.

Енді «Жетісу» өз тобындағы соңғы ойынын 12 желтоқсанда алаң иелері — «Озаску Сан-Кристованмен» (Бразилия) өткізеді.

Бұған дейін бразилиялықтар «Альянца Лиманы» 3:0 (25:14, 25:17, 25:18) есебімен жеңген еді. Бірақ екінші кездесуінде Италияның «Савино Дель Бене» клубына есе жіберді — 0:3 (29:31, 22:25, 15:25). Осылайша, «А» тобында италиялық клуб 6 ұпаймен көш бастап тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын клубтар арасындағы әлем чемпионатында «Жетісу» командасы бақ сынайтынын жазған едік.

«Жетісу» волейбол командасы әлем чемпионатында алғашқы кездесуін өткізді