НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның қатысуымен өтетін волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының финал сатысының жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлем чемпионаты 23 қыркүйек пен 15 қазан аралығында Нидерланды мен Польшада өткізіледі. Оған барлығы 24 құрама қатысады.
Қазақстан құрамасы С тобында сынға түседі. Қарсыластары - АҚШ, Сербия, Германия, Болгария, Канада.
Айта кетсек, АҚШ құрамасы 2020 жылғы Токио Олимпиадасында чемпион атанды, FIVB жариялаған әлемдік рейтингте бірінші орында тұр.
Ал Сербия 2018 жылғы әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты.
А тобында Нидерланды (ұйымдастырушы мемлекет), Италия, Бельгия, Пуэрто-Рико, Камерун және Кения, В тобында Польши (ұйымдастырушы мемлекет), Түркия, Доминикан Республикасы, Оңтүстік Корея, Таиланд және Хорватия, D тобында Бразилия, Қытай, Жапония, Колумбия, Аргентина және Чехия құрамалары бар.
Еске салсақ, Қазақстанда волейболдан клубтық Азия чемпионаты өтеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.