16:41, 27 Шілде 2014
Волейболдан Әлемдік Гран-при: Хорватия Австралияны ойсырата жеңді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматыда волейболдан Әлемдік Гран-при ойындарының соңғы күні Хорватияның әйелдер арасындағы ұлттық құрама командасы австралиялық қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Осылайша Хорватия құрама командасы 6 ұпаймен турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартты. Енді олардың 15-17 тамызда Болгарияда өтетін финалдық турнирге қатысуға мүмкіндігі жоғарылады. Мамандар биыл хорваттық команданың бабы жоғары екендігін, жүлделі орындардан көрініп қалуы мүмкін екендігін айтуда. Бұған дейін хорваттықтар Чехиядан 1:3 есебімен ұтылып, қазақстандықтарды 3:1 есебімен жеңген болатын. Бүгін хорваттықтар жартылай резервтік құраммен шықса да, австралиялықтарға бірде-бір партияны жеңуге мүмкіндік бермеді. Жалпы есепт 3:0 (25:18, 25:17, 25: 17). Ал Австралия құрама командасы Әлемдік-Гран-при ойындарының алматылық кезеңінде өткізген үш ойынның үшеуінде де жеңіліске ұшырады. Бүгін кешкі сағат 18.00-де волейбол алаңына Қазақстан мен Чехия құрама командалары шығады. Егер қыздарымыз чехиялықтарды кем дегенде 3:1 есебімен жеңер босла, онда турнир кестесінде бірінші орынға шығуға мүмкіндіктері бар.