Волейболдан «Алтай» клубы Азия чемпионатының финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өскеменнің «Алтай» әйелдер командасы Семей қаласында өтіп жатқан Азия клубтық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылғы Азия клубтық чемпионатының жеңімпаздары биыл топтық кезеңде бес қарсыласының бәрін де ұтты.

Сербиялық маман Марко Гршичтің шәкірттері Қазақстан атынан қатысып жатқан «Қуаныш» (СҚО) клубына ғана бір сет берді – 3:1. Қалған командаларды 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Бүгін өскемендіктер басты қарсыластарының бірі таиландтық «Diamond Food-Fine Chef Sport Club» командасын 3:0 (25:12, 25:20, 26:24) есебімен жеңді.

Тағы бір сербиялық маман Дарко Добресков жаттықтыратын «Қуаныштың» да финалға шығатындай мүмкіндігі бар. Негізгі қарсыласы таиландтық клубты 3:1 есебімен қапы қалдырған солтүстікқазақстандықтарға бүгін Ираннан келген «Barij Essence» командасын ұтса, жетіп жатыр.

Жүлделі орындар үшін шешуші бәсекелер 30 сәуір күні өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Алтайдың» алты дүркін ел чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.