Волейболдан әйелдер арасында 2010 жылғы Әлем чемпионатының біліктілік турнирінің екінші кезеңінде қазақстандықтар өз тобында үздік шықты

АЛМАТЫ. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Волейболдан әйелдер арасында 2010 жылғы Әлем чемпионатының біліктілік турнирінің Өскеменде өткен екінші кезең ойындарында қазақстандықтар өз тобында үздік шықты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Волейбол федерациясына сілтеме жасап. Екінші кезең ойындарында В тобында жарыс қожайындарынан бөлек Жаңа Зеландия мен Өзбекстан құрамалары қатысты. Нелли Щербакова жаттықтыратын қазақстандықтар екі қарсыласын да 3:0 есебімен ұтты. Олар маусымның 17-сі күні жаңазеландиялықтарды (25:9, 25:13, 25:18), ал кеше өзбекстандықтарды (25:10, 25:15, 25:9) есебімен ойсырата жеңді. Жарыс қорытындысында ең үздік ойыншыға берілетін жүлдені Сана Жарлағасова (Қазақстан) мен Одина Назарова (Өзбекстан) иеленді. Екі ойыншы да өз командаларының қоржынына ұпай салуда алдына қара салмады. Бұл кезеңде 4 ұпаймен қазақстандықтар бірінші, 3 ұпаймен өзбекстандықтар екінші, ал жаңазеландиялықтар 2 ұпаймен үшінші орын алды. Жалпы жарыс ережесі бойынша үшінші кезеңге олардың бәрі қатысады. Онда ел құрамасы Корея, Тайпей және Жаңа Зеландия волейболшыларымен Е тобында өнер көрсетпек. Екінші кезеңде В тобында Қазақстан бірінші, Жаңа Зеландия үшінші орын алса, Тайпей С тобында екінші орын алған болатын.