Волейболдан Азия чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы Индонезияға есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Тяньцзинь қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз басталды.

Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Қазақстандықтар В тобындағы алғашқы ойынында Индонезия командасымен алаңға шықты.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Асқар Шалқыбеков команда капитаны Кристина Белова, Полина Уфимцева, Юлия Фоменко, Татьяна Никитина, Жанна Сыроежкина, байланыстырушы Ирина Кузнецова және либеро Мәдина Бекетке сенім артты.

Бірінші партияда қазақстандықтар бірден 4:1 есебімен алға кеткенімен, сол қарқынын жалғастыра алмады — 23:25.

Екінші сетте Қазақстан құрамасы 15:10 есебімен алда тұрды. Алайда осыдан кейін қазақстандық ойыншылардың қателігін пайдаланған индонезиялықтар күш алып кетті — 16:10. Перизат Нұрбергенова, Маргарита Бельченко алаңға шыққанымен, одан ештеңе өнбеді — 23:25.

Үшінші партияда да индонезиялықтар жинақы ойнады — 25:23. Қорытынды есеп — 3:0, Индонезияның пайдасында.

Осылайша, бастапқы матчында-ақ жеңіліске ұшыраған қазақстандықтар жағдайын қиындатып алды. 

Қазақстан құрамасы 23 тамызда Аустралия, 25 тамызда фавориттердің бірі, Азия чемпионы — Таиланд құрамасымен шеберлік байқасады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасы анықталғанын жазған едік.