АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Тяньцзинь қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Қазақстандықтар В тобындағы екінші ойынында Аустралиямен шеберлік байқасты.
Кеше Индонезияға 0:3 есебімен есе жіберген Асқар Шалқыбековтің шәкірттері бүгін сәтті ойнады. Бірінші партияда 25:21 есебі тіркелсе, одан кейінгі екі сетті де қазақстандықтар жеңіспен аяқтай білді – 25:18, 25:21.
Қорытынды есеп – 3:0, Қазақстанның пайдасында.
Осылайша, үш ұпайға ие болған Қазақстан құрамасы 25 тамызда топтағы қорытынды кездесуін Азия чемпионы Таиландпен өткізеді.
Үш топтағы бәсекелер нәтижесі бойынша сегіз үздік команда ширек финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасы анықталғанын жазған едік.
Сондай-ақ волейболдан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы Индонезияға есе жіберді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).