Волейболдан Азия кубогы: Қазақстан құрамасы Аустралияны камбэкпен жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістанның Ахмедабад қаласында волейболдан ерлер командалары арасында өтіп жатқан Азия кубогында Қазақстан құрамасы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Фото: ҚВФ

Бас бапкер Сергей Трикоз бұл жарысқа жаңартылған құрамды алып барған еді. Соның ішінде жастарды да сынап көруге бел байлаған.

А тобындағы екінші кездесуінде Қазақстан құрамасы Аустралияға қарсы келді.

Бастапқы екі партия аустралиялықтардың пайдасына шешілді — 25:15, 25:21.

Үшінші сетте Айбек Жақсылықов, Асылхан Ізбергенұлы, Антон Кузнецов, Азамат Сейілханов, Владислав Мастихин, Нұрлыбек Мақсат (байланыстырушы) шебер ойнай білді — 25:23.

Төртінші сет барысында В.Мастихин мен А.Ізбергенұлы эйспен де ерекшеленді — 26:24. Есеп 24:22 болған мезетте Аустралия құрамасы екі матчболын пайдалана алмады. Тосқауылға Клим Рюхов та сәтті қосыла білді.

Шешуші, бесінші партияда С. Трикоздың шәкірттері жеңісті жұлып алды — 16:14. Қорытынды есеп — 3:2.

Осылайша, Қазақстан құрамасы алғашқы екі ұпайды алды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия кубогында Қазақстан ерлер құрамасының қарсыластары анықталғанын жазған едік.

Волейболдан Азия кубогында Қазақстан құрамасы алаң иелеріне жол берді.