Волейболдан Азия кубогы: Қазақстан құрамасы Гонконгтан басым түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Филиппиннің Кандон қаласында әйелдер құрамалары арасында Азия кубогының ойындары басталды.

Фото: volleyfederationkz

Қазақстан ұлттық құрамасы В тобында алғашқы кездесуін Гонконгпен өткізді. Бас бапкер Асқар Шалқыбеков Азия кубогында тәжірибелі ойыншылармен қатар жастарға да сенім артты.

Бірінші партияда Гонконг волейболшылары 25:20 есебімен басымдылық танытты. Дегенмен бұдан кейін қазақстандықтар камбэк жасай білді – 25:17, 25:16, 25:13. Қорытынды есеп – 3:1.

Матч барысында Бота Уатаева, Татьяна Яцкив, Кристина Белова, Юлия Фоменко, Валерия Настенко, Наталья Хазова (байланыстырушы) өз шеберліктерімен көзге түсе білді. Либеро Әмина Қырықбаева қорғаныста барынша сәтті ойнады.

Қазақстандықтар 7 маусымда Индонезия, 8-інде Иран, 11-інде Ливан, 12-сінде Вьетнам құрамаларымен кездеседі. Әр топтан қос үздік команда плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Өткен айда А.Шалқыбековтің шәкірттері Непал астанасы Катмандуда өткен Орталық Азия чемпионатында финалда Иранға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» волейбол клубының оныншы рет Қазақстан чемпионы атанғанын жазған едік.