Волейболдан Азия кубогы: Қазақстан құрамасы жартылай финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM – Филиппиннің Кандон қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан Азия кубогы ойындарында Қазақстан құрамасы В тобында көш бастап келеді.

Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Қазақстандықтар төртінші матчын Ливан құрамасымен өткізді.

Қарсыласы аутсайдер болғандықтар, бас бапкер Асқар Шалқыбеков негізгі құрам ойыншыларына демалыс берді.

Алаңға алдымен Наталья Хазова (байланыстырушы), Юлия Фоменко, Айгүл Мүлкібаева, Екатерина Михайлова, Динара Разакберлина, Бота Уатаева, Әмина Қырықбаева (либеро) шықты. Көп ұзамай олардың бірқатарын басқа волейболшылар алмастырды.

Қазақстан құрамасы Ливанды 3:0 (25:11, 25:19, 25:14) есебімен тізе бүктіріп, ұпай санын 12-ге жеткізді.

В тобында Вьетнам 11 ұпаймен екінші орында тұр. Ертең Қазақстан мен Вьетнам арасындағы матчта қай команданың бірінші орынмен жартылай финалға шығатыны шешіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Азия кубогында Қазақстан құрамасының тартысты бәсекеде Иранды жеңгенін жазған едік.