ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы «Жайық арена» спорт кешенінде волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық ойыны өтті. Алаңда «Ақтөбе» мен «Жетісу» командалары кездесті.
Сергей Трикоз жаттықтыратын ақтөбеліктер 3:0 (25:19, 25:21, 25:16) есебімен жеңіске жетті.
«Ақтөбе» ертең екінші ойында қарсыласын жеңсе, финалға жолдама алады.
Өткен жылғы күміс жүлдегер «Павлодар» 5-8 орындар үшін бәсекеде «Есілді» 3:1 (25:17, 23:25, 25:16, 25:21) есебімен тізе бүктірді. Ал, 2024 жылғы чемпион «Тараз» Алматының «Буревестник» командасына жол берді — 0:3 (23:25, 20:25, 22:25).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» клубының финалға шығу үшін «Ақтөбемен» таласатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).