ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында финалға шыққан екінші клуб анықталды.
Өткен жылғы ел чемпионы «Павлодар» «Есіл» (СҚО) командасымен екінші жартылай финалдық кездесуін сәтті өткізді.
Кеше солтүстікқазақстандықтарды 3:1 есебімен тізе бүктірген Игорь Никольченконың шәкірттері бүгінгі ойында да жанкүйерлер сенімін ақтай білді.
Максим Мищенко, Асқар Серік, Нияз Нұрғазин, Илья Морозов сияқты волейболшылар командасын алға жетелеп, 3:1 (25:18, 22:25, 25:16, 25:19) есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, тұрақты чемпионатта көш басын ешкімге бермеген «Павлодар» мен «Тараз» алтын үшін таласады.
«Есіл» мен «Атырау» қола жүлдені сарапқа салады. Бәсекелер екі жеңіске дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Тараз» командасының финалға шыққанын жазған болатынбыз
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).