ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары аяқталып келеді.
Жексенбі күні орталық матчта «Қуаныш» (СҚО) пен «Алматы» командалары кездесті.
Солтүстікқазақстандық клуб тартысты бәсекеде 3:1 (25:22, 22:25, 27:25, 25:23) есебімен жеңіске жетіп, ұпай санын 44-ке жеткізді.
Бұдан кейінгі үш орынға 40 ұпаймен «Жетісу» (Талдықорған), «Тұран» (Түркістан), «Берел» (ШҚО) командалары жайғасты.
«Алматы» 37 ұпаймен 5-сатыда қалды.
Түркістандықтар өскемендік «Алтайды», «Жетісу» «Қарағандыны», «Ертіс» талдықорғандық «Айқаракөзді» 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Дүйсенбі, 29 қаңтарда үшінші тур мәресіне жетеді. Мұнда «Жетісу» мен «Қуаныштың» кездесуі көрермен назарын аударары анық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында алғашқы бес команда құйрық тістесіп келе жатқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).