Волейболдан ел чемпионатында «Павлодар» жеке-дара көш бастады
Таразда волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды Kazinform.
Соңғы күні ел чемпионы «Павлодар» мен «Тараз» командалары өзара шеберлік байқасты.
Игорь Никольченко жаттықтыратын павлодарлықтар тараздықтарды (бас бапкері Юрий Башкатов) 3:0 (25:20, 28:26, 25:21) есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде 29 ұпаймен жекедара көш бастады.
«Тараздың» қоржынында 26 ұпай болса, үздік үштікті «Жайық» (24 ұпай) түйіндеді. Оралдықтардың «Таразды» басып озатындай мүмкіндіктері бар еді. Алайда Виктор Козиктің шәкірттері соңғы ойында күтпеген жерден «Ақтөбеге» есе жіберді – 0:3 (26:28, 23:25, 22:25).
«Павлодар» мен «Жайық» командалары әлі өзара кездескен жоқ.
Бірінші және екінші турда кейінге қалдырылған барлығы тоғыз матч алдағы жылы ойналатын болады.
Осыған дейін тоғыз рет қатарынан ұтылған «Ұшқын-Көкшетау» командасы соңғы күні «Атырауды» 3:1 (17:25, 25:21, 25:20, 26:24) есебімен ұтып, алғашқы жеңісіне қол жеткізді. «Жетісу жастарын» 3:1 (25:21, 22:25, 25:17, 25:19) жеңген «Есіл» (СҚО) 16 ұпаймен төртінші орынға орнықты.
Үшінші тур ойындары 10-20 қаңтарда Орал қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жайықтың» көш басындағы «Таразды» ұтқанын жазған едік.