Волейболдан ел чемпионатында плей-офф бәсекесіне шыққан командалар белгілі болды

Фото: Pixabay

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты төртінші турының ойындары мәресіне жетті.

Төртінші турдың соңғы күні «Атырау» «Есілден» (СҚО) 3:0 есебімен басым түссе, «Буревестник» (Алматы) «Ұшқын-Көкшетауды» тізе бүктірді – 3:0. 

Ел чемпионы «Павлодар» Оралдың «Жайығын» 3:1 есебімен қапы қалдырды. Ал «Ақтөбе» «Жетісу жастарынан» айласын асырды – 3:0.

Осыайша, төрт турдың қорытындысы бойынша плей-офф бәсекесіне шыққан командалар анықталды. Турнир кестесінде 63 ұпаймен жеке-дара көш бастаған павлодарлықтар плей-офф кезеңінде 8-орындағы команда – «Жетісу жастарымен» шеберлік байқасады. 

Екінші сатыдағы «Тараздың» қарсыласы «Ақтөбе» болса, «Жайық» Ақтөбеде өткен соңғы турда жақсы ойын өрнегін көрсеткен «Атыраудан» өтуге тырысады. «Есіл» «Буревестникпен» сынға түседі. «Ұшқын-Көкшетау» ғана плей-офтан тыс қалды.

Плей-офф бәсекелері Павлодар қаласында өтеді.

Еске сала кетейік, волейболдан Қазақстан чемпионатында «Павлодардың» «Ақтөбеден» айласын асырғанын жазған болатынбыз.