АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші тур ойындары бір күндік үзілістен кейін қайта жалғасты.
Дүйсенбі күні алғашқы болып алаңға «Жайық» (Орал) және «Ұшқын-Көкшетау» командалары шықты.
Виктор Козик жаттықтыратын оралдықтар бұған дейін «Павлодарды» ұтса, көкшетаулықтар (бас бапкері Александр Стольников) жалғыз ұпаймен көш соңында еді.
Бастапқы екі партияда В.Козик шәкірттері айқын басымдылық танытты – 25:14, 25:12. Үшінші партияда «Ұшқын-Көкшетау» алға кетті. В.Козик ойыншылар алмастырып, жағдайды түзетуге тырысып бақты. Есеп 24:21 болған мезетте А.Стольниковтің шәкірттері үш бірдей сетболды пайдалана алмады. Виталий Эрдштейн доп берген сәтте оралдықтар үшінші сетті де өз пайдасына шешті – 26:24. Жалпы есеп – 3:0.
«Жайық» 7 ұпаймен турнир кестесінде әзірге бесінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Ақтөбенің» камбэк жасап, суперкубокты жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).