АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турының соңғы күні «Жетісу» (Талдықорған) мен «Тараз» алаңға шықты.
Юрий Башкатов жаттықтыратын тараздықтар биыл көктемде чемпион атанса, талдықорғандықтар бірінші тур барысында жеңілмей келе жатқан еді.
Бұл жолы алғашқы екі партияда тараздықтар басымдылық танытты – 25:19, 26:24. Содан кейін Марат Адрышевтің шәкірттеріне кезек келді – 25:23, 25:14. Соңғы, бесінші сетте «Тараз» жеңісті жұлып алды – 16:14. Жалпы есеп – 3:2.
Осылайша, чемпионатта жеңілмеген команда қалмады.
Талдықорғандықтар 15 ұпаймен бірінші турда көш бастаса, тараздықтар (12 ұпай) екінші орынға көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жайықтың» ел чемпионы «Таразды»» тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Жетісу» «Павлодардан» басым түсті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).