Волейболдан ел чемпионатында «Жетісу» «Берелмен» матчта қарымта қайырды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының жартылай финалында «Жетісу» (Талдықорған) мен «Берел» (ШҚО) командалары екінші кездесуін өткізді.
Кеше бірінші ойында Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын шығысқазақстандықтар қарсыласын 3:0 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы сербиялық маман Марко Гршич баптайтын талдықорғандықтар жинақы ойнап, қарымта қайыра білді. Сөйтіп 3:0 (25:23, 25:16, 25:20) есебімен ұтып, таразы басын теңестірді – 1:1.
Финалдық жолдама мәселесі ертең үшінші бәсекеде шешіледі.
Тағы бір жартылай финалда «Қуаныш» (СҚО) пен «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасады. Әзірге есеп – 1:0, «Қуаныштың» пайдасында. Бүгін олар ұтатын болса, финалға жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейбодан ел чемпионатында «Берелдің» жартылай финалда «Жетісу» командасын ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Қуаныш» аса тартысты матчта «Тұранды» жеңді.