Волейболдан ел чемпионы «Тараз» атыраулықтардан жеңіліп қалды

Фото: Фото: «Атырау» волейбол клубы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан XXXIII Қазақстан чемпионатының екінші турында күтпеген нәтиже тіркелді.

Ел чемпионы «Тараз» атыраулықтармен тартысты матч өткізді.

Тараздықтар турнир кестесінде 6-орында тұрса, осыған дейін қатарынан үш рет жеңіліс тапқан «Атырау» командасы 8-сатыда еді.

Сербиялық маман Деян Вуличевич жаттықтыратын атыраулықтар «Таразды» 3:2 (25:23, 25:17, 19:25, 20:25, 15:9) есебімен сан соқтырып кетті.

Алаң иелері «Павлодар» солтүстікқазақстандық «Есілден» айласын асырды – 3:1 (25:27, 25:20, 25:22, 28:26). 

Осы ойыннан кейін 19 ұпай жинаған павлодарлықтар «Ақтөбені» артқа қалдырып, үшінші орынға көтерілді.

Сейсенбі күні «Жетісу» - «Ақтөбе», «Буревестник» (Алматы) – «Атырау», «Тараз» - «Есіл», «Павлодар» - «Ұшқын-Көкшетау» командалары өзара сынға түседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Буревестниктің» қатарынан үшінші рет жеңіске қол жеткізгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жайық» ақтөбеліктерден қарымта қайырды.