Волейболдан ерлер арасында Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алған командалар белгілі болды
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Волейбол федерациясына сілтеме жасап.
Қыркүйектің 12-сі күні жалауын көтерген бұл жарыстың қорытындысында барлық ойында қарсыластарынан басым түскен Астана қаласының "Ұшқын" командасы 10 ұпаймен бірінші орны алды. Екінші орынды 8 ұпаймен "Семей" (Семей), ал 3-4 орынды одан 1 ұпайы кем Петропавлдің "Есіл" мен Павлодардың "Ертіс" командалары бөлісті. Олар енді қазанның 13-20-сы күндері Хромтау қаласында өтетін Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындарына қатысады. Онда олардың қатарына Ұлттық лигада топ жарған 4 команда қосылады. Бұл сында 1-4 орынға ие болғандар қазанның 29-ы мен қарашаның 1-і аралығында Алматыда өтетін ақтық сынға жолдама алады. Жалпы Қазақстан кубогының алғашқы кезеңінде Ұшқын", "Семей", "Есіл" мен Ертістен" бөлек "ЦСКА", "ҚазҰАУ" (Алматы), "Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс 2" (Өскемен), «Есіл-Виктория» (Петропавл), ЮКО (Шымкент), «ВСМК Арселормиттал» (Теміртау), «Тараз-ТарГУ»(Тараз) командалары қатысқан болатын.