Волейболдан ерлер командалары арасындағы ҚР Президенті кубогында «Қазақстан-1» құрамасы көш бастап келе жатыр

АЛМАТЫ. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат - Волейболдан Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан «ҚР Президенті кубогы» ХІХ Халықаралық турнирінде кеше жеңіліссіз келе жатқан қытайлықтар мен таиландтықтар да жеңілістің ащы дәмін татты.

Бұл күні Қазақстанның жастар құрамасы («Қазақстан-2») үшінші рет жеңіліс тапты. Ал Қытайдың Бейжің қаласының «BAIC Motor» командасы күтпеген жерден бахрейндіктерге 1:3 (23-25, 25-27, 25-21, 21-25) есебімен есе жіберді. Ал «Қазақстан-1» ұлттық құрамасы таиландтықтарды 3:0 (25-22, 25-18, 25-13) есебімен ойсырата ұтты. Бұған дейін қытайлықтар «Қазақстан-2» (3:0) мен  «Қазақстан-1» (3:1) құрамаларын, таиландтықтар «Тунис» (3:0) пен  «Қазақстан-2» (3:1) командаларын жеңген еді. Ал тунистіктер таиландтықтарға (0:3) жеңілгенімен бахрейндіктерді (3:1)  ұтса, «Қазақстан-1» құрамасы бахрейндіктерді (3:0) жеңгенімен, қытайлықтардан (1:3) жеңіліс тапқан болатын. Бүгін барлық командалар бір күн тынығып, ертең «Бахрейн» мен «Қазақстан-2», «BAIC Motor» мен «Таиланд»,  «Қазақстан-1» мен «Тунис», ал арғы күні «Таиланд» пен «Бахрейн», «Тунис» пен «BAIC Motor», «Қазақстан-2» мен «Қазақстан-1»  ақтық кездесулерін өткізеді. Қазір турнир кестесінде бірдей 6 ұпай жинағанымен, ойналған партиялар қатынасы бойынша қазақстандықтар («Қазақстан-1»)  бірінші, қытайлықтар екінші, тунистіктер үшінші, таиландтықтар төртінші, 3 ұпаймен бахрейндіктер бесінші, ал қоржынында әлі бірде-бір ұпайы жоқ Қазақстанның жастар құрамасы  алтыншы орында келе жатыр.