Волейболдан Қазақстан чемпионаты: Алғашқы финалдық кездесуде «Жетісу» жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласындағы «Барыс арена» стадионында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының финалында «Жетісу» (Талдықорған) мен «Қуаныш» (СҚО) клубтары кездесті.

Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандық команда өз тарихында тоғыз дүркін ел чемпионы атанса, солтүстіқазақстандықтар (қазіргі бапкері Юрий Панченко) қола жүлдеден аспаған еді.

Бұл жолы бес партияға созылған матчта «Жетісу» жеңіске жетті - 3:2 (25:22, 19:25, 12:25, 25:22, 15:12).

Ертең командалар екінші финалдық кездесуін өткізеді. Онда талдықорғандықтар ұтса, чемпион атанады.

Қола жүлде үшін бірінші бәсекеде «Тұран» (Тұркістан) Өскеменнің «Берелінен» басым түсті – 3:2 (23:25, 26:24, 19:25, 25:17, 15:9).

Ал 5-8 орындар үшін таласта қарағандылықтар «Астананы» қапы қалдырды – 3:0 (25:19, 25:21, 25:15). «Алматы» ақтөбеліктерден айласын асырды - 3:0 (25:17, 25:18, 25:15).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» мен «Қуаныш» клубы алтын жүлдеге таласатынын жазған болатынбыз.