ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионы ертең анықталады.
Бүгін өткен жылғы ел чемпионы "Павлодар" мен "Тараз" клубтары финалда екінші кездесуін өткізді.
Кеше Игорь Никольченко жаттықтыратын павлодарлықтар "Таразды" ұтқандықтан, оларға бір жеңіс жеткілікті еді.
Алайда Андрей Патраковтың шәкірттері бүгін тың серпінмен алғашқы екі партияны алды - 25:23, 25:17. Бұдан кейін алаң иелері есепті қысқартты - 25:22.
Төртінші партияда тараздықтар 9:5 есебімен алға кетті. Павлодарлықтар таразы басын теңестіре алды - 14:14. Бірақ "Тараздың" қарқынын тежей алмады - 23:25. Сеттер саны бойынша есеп: 3:1, "Тараздың" пайдасында.
Жалпы есеп тең - 1:1.
Қазақстан чемпионы ертең қосымша, үшінші матчта анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын "Есіл" командасының волейболдан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).