Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Берел» екінші жыл қатарынан финалға шықты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының жартылай финалында «Берел» мен «Қуаныш» үшінші ойынын өткізді.
Өткен жылы Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктер финалға дейін жетіп, түркістандық «Тұранға» есе жіберсе, «Қуаныш» (бас бапкері Азамат Есімов) үздік үштікті түйіндеген еді.
Биыл қос команда жартылай финалда екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Шешуші, үшінші бәсекеде командалар құрамында өзгеріс болған жоқ. Екінші матчта жарақат алып қалған өскемендік Кристина Белова қайта алаңға шықты.
Бірінші кезеңде «Берел» айқын басымдылық көрсетті – 25:13.
Екінші партияда солтүстікқазақстандықтар қарсыласып баққанымен, өскемендіктер сәтті ойнады – 25:19. Матч Татьяна Яцкивтің тосқауыл қоюымен аяқталды – 25:23. Қорытынды есеп – 3:0.
Осылайша, екінші жыл қатарынан финалға шыққан Р.Гилязутдинов шәкірттері чемпиондық атақ үшін «Жетісу» (Талдықорған) командасымен таласады.
«Қуаныш» қола жүлде үшін «Тұранмен» шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қуаныш» командасының «Берелмен» таразы басын теңестіргенін жазған болатынбыз.