Қос команданың ерекшелігі, екеуін де түркиялық мамандар жаттықтырады.
Халук Көркмаз «Берелдің» тізгінін ұстаса, Саим Паккан «Қуанышты» жаттықтырады.
Жаңа маусымды жақсы бастаған өскемендіктер осыған дейін сегіз матчты жеңіспен түйіндеген еді. Ал солтүстікқазақстандықтар бір рет қана, Талдықорғанда Қазақстан чемпионы «Жетісудан» жеңіліс тапқан болатын.
Бұл жолы кездесу 3:1 (21:25, 25:17, 25:20, 25:19) есебімен «Қуаныштың» пайдасына шешілді.
Осылайша, «Берелдің» 8 матчқа созылған жеңіс сериясын тоқтатқан солтүстікқазақстандық клуб турнир кестесінде өскемендіктерді қуып жетті. Қазір екеуінде де 23 ұпайдан бар.
Алматыда «Буревестникті» 3:1 (25:20, 25:10, 20:25, 25:22) есебімен қапы қалдырған «Жетісу» 20 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Түркістанның «Тұраны» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:23, 25:21, 25:12) тізе бүктірсе, «Қарағанды» Ақтөбеде жергілікті ойыншылардан басым түсті — 3:1 (19:25, 25:21, 25:21, 25:13).
Жексенбі күні командалар өзара екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында Өскеменнің «Берел» командасы «Жетісуды» екінші рет жеңгенін жазған едік.