Алматыда биылғы маусымды қарқынды бастаған «Буревестник» ел чемпионы «Жетісуды» қабылдады.
Бірінші ойында Марат Иманғалиевтің шәкірттері қонақтардан 3:0 (26:24, 25:15, 25:23) есебімен басым түсті.
Екінші кездесуде Марат Адрышев жаттықтыратын талдықорғандықтар есе қайырды — 3:1 (25:21, 22:25, 25:19, 25:17). Бұл «Буревестниктің» алғашқы жеңілісі еді. Сөйтіп чемпионатта ұтылмаған команда қалмады.
Өткен маусымда күміс жүлдегер атанған ақтөбеліктер өз алаңында аса тартысты екі матчта Көкшетаудың «Оқжетпесімен» ұпай бөлісті — 3:2 (25:22, 22:25, 23:25, 25:18, 17:15) және 2:3 (23:25, 24:26, 25:18, 25:17, 12:15).
Биыл көктемде үздік үштікті түйіндеген Оралдың «Жайығы» өз алаңында чемпионат дебютанты — Өскеменнің «Берелін» 3:0 (25:18, 25:18, 25:18) және 3:0 (30:28, 25:20, 25:18) есебімен тізе бүктірді.
Сондай-ақ атыраулықтар «Қуанышты» (СҚО) 3:2 (23:25, 23:25, 25:18, 25:17, 15:9) және 3:1 (25:16, 25:14, 17:25, 27:25) есебімен ұтты.
Турнир кестесінде «Буревестник» 20 ұпаймен көш бастаса, «Оқжетпес» (17 ұпай) екінші, «Жетісу» (14 ұпай) үшінші орында келеді.
Келесі тур ойындары 20-23 қарашада өтеді. Онда орталық матч «Жетісу» мен «Жайықтың» арасында болмақ. Сондай-ақ «Қуаныш» ақтөбеліктерді, «Берел» атыраулықтарды, «Тараз» алматылықтарды қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында Оралдың «Жайығы» алғашқы екі жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.