АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін «Барыс арена» стадионында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында плей-офф бәсекелері басталады.
Қазақстан волейбол федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, финалдық кезең «Барыс аренада» алғаш рет өткелі тұр.
Тұрақты чемпионаттың қорытындысы бойынша төрт үздік команда («Жетісу», «Қуаныш», «Берел», «Тұран») жүлделі орындарды сарапқа салады.
Өткен жылғы ел чемпионы, суперкубок иегері «Жетісу» клубы (Талдықорған) жартылай финалда «Тұранмен» (Түркістан) кездеседі.
Екінші жартылай финалда «Қуаныш» (СҚО) пен «Берел» (Өскемен) шеберлік байқасады. Жартылай финалдық бәсекелер екі жеңіске дейін жалғасады. Финал мен қола жүлде үшін ойындар да осындай ретпен өтеді.
Қалған төрт команда 5-8 орындар үшін алаңға шығады.
Шешуші матчтар 12 сәуірде мәресіне жетіп, жеңімпаз бен жүлдегер клубтар анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Қуаныштың» соңғы ойында «Жетісудан» басым түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).