Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Қуаныш» топтық бәсекеде «Ақтөбеден» айласын асырды

Фото: Фото: igortravkin555

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінде «Қуаныш» пен «Ақтөбе» шеберлік байқасты.

Тұрақты чемпионатты үшінші орынмен түйіндеген солтүстікқазақстандықтардың (бас бапкері Азамат Есімов) жүлдеден үмітті екендігі анық еді.

Ұлттық лигаға өткен жылы ғана қосылған «Ақтөбенің» тізгінін ресейлік маман Юрий Панченко алғаннан бері ойындары жандана түскендей. Әсіресе, Б тобында алғашқы кездесуінде «Алматыны» ұтып кеткеннен кейін жартылай финал жолдамасы «Қуанышпен» матчта шешіліп қалуы мүмкін еді.

Бұған дейін біріншілікте «Қуанышпен» өткен үш ойында бірде-бір партияны ұта алмаған ақтөбеліктер топтық бәсекені сәтті бастады – 25:23. Алайда осыдан кейін солтүстікқазақстандықтардың шеберлігі басым екендігі анық сезілді – 25:15, 25:18, 25:18. Қорытынды есеп – 3:1.

Енді А.Есімов шәкірттері 4 наурыз күні «Алматыны» жеңсе, жартылай финалға жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Тұранның» жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.