Волейболдан Қазақстан чемпионаты: Оралда үшінші тур ойындары аяқталды
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары аяқталды.
Бұл турда Игорь Никольченко жаттықтыратын ел чемпионы – «Павлодар» клубы қарсыластарының бәрінен басым түсті.
Соңғы матчта павлодарлықтар «Буревестник» (Алматы) командасын 3:0 (25:21, 25:23, 25:18) есебімен тізе бүктіріп, ұпай санын 49-ға жеткізді.
Павлодардан 10 ұпайға қалып қойған «Тараз» «Атырауды» жеңді – 3:0 (25:15, 25:19, 25:16).
Үздік үштікті түйіндеген (38 ұпай) Оралдың «Жайығы» «Жетісу жастарын» қапы қалдырды – 3:0 (25:21, 25:13, 25:12).
Жетінші орындағы «Ақтөбе» көш соңында келе жатқан «Ұшқын-Көкшетаудан» ұтылып қалды – 0:3 (20:25, 21:25, 23:25).
Төртінші тур 8-18 ақпанда Ақтөбе қаласында өтіп, содан кейін плей-офф бәсекесіне шыққан үздік сегіз команда анықталады. Плей-офф ойындары Павлодарда өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жайықтың» алматылық «Буревестникті» жеңгенін жазған болатынбыз.