Волейболдан Қазақстан чемпионаты: Оралдың «Жайығы» алғашқы екі жеңісіне қол жеткізді

ОРАЛ. KAZINFORM — Волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары мәресіне жетті.

Фото: Александр Брикс

Өткен маусымдағы қола жүлдегер Оралдың «Жайығы» өз алаңындағы екі ойынын «Қуаныш» (СҚО) командасымен өткізді.

Бірінші бәсекеде алғашқы партияда ғана тайталас болып, 26:24 есебімен алаң иелері басым түсті. Бұдан кейін олар тізгінді нық ұстай білді – 25:17, 25:15.

Сейсенбі күнгі екінші ойында да оралдықтар 3:0 (25:19, 25:14, 25:14) есебімен жеңіске жетті.

- Өткен маусыммен салыстырғанда, команда құрамы жаңартылып, жастармен толықтырылды. Сондықтан дайындық барысында көп жұмыс істеуге тура келді. Бұл жаттықтырушы үшін де, клуб үшін де оңай емес. Алдағы уақытта ойыншылардың матчтан матчқа шеберлігі өсе түседі деп ойлаймын, - деді «Жайықтың» бас бапкері Виктор Козик. 

Марат Иманғалиев жаттықтыратын көш басындағы «Буревестник» Алматыда чемпионат дебютанты Өскеменнің «Берелін» қабылдады. Шығысқазақстандық команда фаворитке барынша қарсылық көрсете алды. 

Фото: Александр Брикс

Дүйсенбіде «Буревестник» 3:1 (25:21, 22:25, 25:17, 25:14) есебімен басым түссе, аса тартысты өткен екінші бәсекесін де жеңіспен түйіндей алды – 3:2 (38:36, 15:25, 25:23, 24:26, 15:11). 

Дегенмен алматылықтар алғаш рет бір ұпайын жоғалтты.

Қазақстан чемпионы «Жетісу» клубы жаңа маусымда кібіртіктеп келеді. Осыған дейін I және II турларда Марат Адрышевтың шәкірттері «Оқжетпес» және «Ақтөбе» командаларымен ұпай бөліскен еді. Бұл жолы да солай болды. Талдықорғандықтар сырт алаңда «Тараздан» кеше 2:3 (17:25, 25:12, 23:25, 25:20, 11:15) есебімен ұтылса, бүгін қарымта қайырды – 3:1 (25:23, 24:26, 25:23, 25:23). 

Көкшетаудың «Оқжетпесі» Атырауда жергілікті клубты 3:2 (15:25, 23:25, 25:22, 25:17, 19:17) және 3:0 (25:19, 25:23, 25:22) есебімен тізе бүктірді. 

Турнир кестесінде «Буревестник» 17 ұпаймен көш бастаса, «Оқжетпес» (14 ұпай) екінші, «Жетісу» (11 ұпай) үшінші сатыда. 

Бастапқы турлардың тартысты өтуі жүлделі орындар үшін бәсекенің күшейе түсетінін көрсеткендей. 

8-9 қарашада өтетін төртінші турда алматылықтар «Жетісуды», «Ақтөбе» көкшетаулықтарды, «Жайық» Оралда «Берелді», «Атырау» солтүстікқазақстандықтарды қабылдайды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында Алматыда «Буревестникті» Оралдың «Жайығы» тоқтата алмағанын жазған едік.