Волейболдан Қазақстан чемпионаты: орталық матчта «Берел» «Жетісу» клубын ұтты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында волейболдан ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатының бірінші туры жалғасуда.
Сенбі күні орталық матчта Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын Өскеменнің «Берелі» мен «Жетісу» клубы (бас бапкері Марко Гршич) бетпе-бет келді.
Бірінші турдың алғашқы күні талдықорғандықтар ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) командасын жеңіп, суперкубокқа ие болса, өскемендіктер де ұтылмай келе жатқан еді.
Бұл жолы тартысты өткен ойын бес партияға созылып, онда алаң иелері 3:2 (25:19, 21:25, 21:25, 25:23, 15:11) есебімен жеңіске жетті.
«Берел» үш кездесуден кейін 8 ұпаймен турнир кестесінде екінші орында тұрса, талдықорғандықтар (7 ұпай) әзірге үздік үштікті түйіндеп тұр.
«Астана», «Ақтөбе» және «Алматы» командаларын 3:0 есебімен тізе бүктірген «Қарағанды» 9 ұпаймен көш бастап келеді. Бірақ Нұрлан Садықов жаттықтыратын қарағандылықтар «Жетісу», «Берел», «Тұранмен» әзір кездесе қойған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Жетісу» клубының суперкубокты жеңіп алғанын жазған болатынбыз.