ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан ел біріншілігінде «Берел» мен «Қуаныш» кездесті.
Өткен жылы Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктер күміс медальді олжаласа, солтүстікқазақстандықтар (бас бапкері Азамат Есімов) үздік үштікке іліккен еді.
Бұл жолы бірінші жартылай финалдық бәсекеде алаң иелері шеберліктерінің басым екендігін танытты - 3:0 (25:23, 25:19, 25:22).
Енді «Берелге» ертеңгі ойында жеңсе, жетіп жатыр, финалға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісудың» жартылай финалда «Тұранды» тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.
Өткен жылы жүлделі орындардан тыс қалған талдықорғандықтар осыған дейін чемпионатта қатарынан 16 матчта жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партия соңында Асқар Шалқыбековтің шәкірттері 22:20 есебімен алға шыққанымен, сол мүмкіндікті пайдалана алмады — 22:25. Бұдан кейін Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» дес бермеді — 25:15, 25:19. Қорытынды есеп — 3:0.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).