ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан қаласында әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында финалға шыққан алғашқы клуб анықталды.
«Берел» (ШҚО) мен «Жетісу» (Талдықорған) командалары үшінші кездесуінде финал жолдамасын сарапқа салды. Осыған дейін қос клуб жартылай финалдық ойындарында бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Бүгін бірінші партияда өскемендіктер басымдылықты уысынан шығарған жоқ – 25:19. Екінші сет соңына таман талдықорғандықтар 23:20 есебімен алда тұрды. Әйтсе де Ришат Гилязутдиновтың волейболшылары таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті өз есебіне жазды – 26:24.
Олар соңғы партияда да шебер ойын өрнегін көрсете білді – 25:19. Маңызды ойында жеңіліске ұшыраған сербиялық Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» командасы енді қола жүлдегк таласады. Ал «Берел» финалға жолдама алды.
Екінші жолдама иесі «Қуаныш» (СҚО) пен «Тұран» (Түркістан) командалары арасындағы ойында анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Тұранның» «Қуанышты» жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).