ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында шешуші бәсекелер өтіп жатыр.
Былтырғы ел чемпионы «Павлодар» мен «Тараз» командалары алғашқы финалдық кездесуін өткізді.
Бұл ойында тараздықтар соңғы сәтте ғана тайталаса алды. Есеп — 3:0 (25:16, 25:18, 27:25), алаң иелерінің пайдасында.
Енді Игорь Никольченко шәкірттері бір рет жеңсе, чемпион атанады.
Қола жүлде үшін бәсекеде «Есіл» (СҚО) «Атыраудан» айласын асырды — 3:0 (25:23, 25:17, 25:23).
Бесінші орын үшін айқаста «Жайық» (Орал) «Жетісу жастарын» қапы қалдырды — 3:0 (25:22, 25:12, 25:18).
Жетінші саты үшін алаңға шыққан ақтөбеліктер «Буревестникті» (Алматы) жеңді — 3:1 (22:25, 25:20, 25:19, 25:19).
Ертең, сенбі күні командалар екінші кездесуін өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тараз» командасының финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).